Орталық Азия инновациялық университетінің студенттері Farabi Hub инновациялық орталығына танымдық сапар жасады
2026 жылғы 11 маусымда Орталық Азия инновациялық университетінің «Техника және ақпараттық технологиялар» кафедрасының студенттері робототехника клубының жетекшісі Омар Нұрбектің жетекшілігімен Алматы қаласына танымдық сапар жасады. Сапар барысында олар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерді заманауи технологиялармен, инновациялық жобалармен және робототехника саласындағы жаңа мүмкіндіктермен таныстыру.
Экскурсия барысында студенттер Farabi Hub орталығының қызметімен танысып, онда жүзеге асырылып жатқан ғылыми және технологиялық жобалар туралы жан-жақты мәлімет алды.
Farabi Hub – ғылым, білім және бизнесті өзара байланыстыратын заманауи инновациялық алаң.
Болашақ мамандар үшін робототехника зертханасының жұмысы ерекше қызығушылық тудырды. Студенттер робототехникалық жүйелердің жұмыс істеу қағидаларын, бағдарламалау және автоматтандырылған басқару процестерін, сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін қолдану бағыттарын тәжірибе жүзінде көрді.
Зертхана мамандары робототехника саласындағы заманауи үрдістер туралы айтып, инженерлер мен IT-мамандарына қойылатын өзекті талаптарды түсіндіріп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Танымдық сапар студенттердің озық технологиялармен жақынырақ танысуына, IT және робототехника салаларында құнды тәжірибе мен жаңа білім алуына мүмкіндік берді.
«Техника және ақпараттық технологиялар» кафедрасы болашақ мамандардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған осындай ғылыми-танымдық іс-шараларды алдағы уақытта да ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
