Университетте мұғалімдер күніне арналған мерекелік концерт
Мерекелік шараның басты мақсаты – білім мен ғылым саласында аянбай еңбек етіп жүрген профессор-оқытушылар құрамына құрмет көрсету, олардың жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі еңбегін дәріптеу болды.
Кеш барысында университетіміздің ұлағатты ұстаздарына кәсіби қызметі мен оқу орнының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталып, құрмет көрсетілді.
Мерекелік бағдарламада университеттің талантты жастары өнер көрсетті. Студенттер ұстаздарға арнап әсем әндер шырқап, әсерлі би қойылымдарын ұсынып, көркемсөз бен түрлі шығармашылық нөмірлерін тарту етті. Әрбір қойылым ұстаздарға деген шынайы алғыс пен ізгі тілектің көрінісіне айналды.
Шара барысында көтеріңкі көңіл күй мен ерекше мерекелік атмосфера қалыптасып, студенттер өз өнерлері арқылы ұстаздарға деген құрметі мен ризашылығын жеткізді.
Ұстаз – білім беріп қана қоймай, әрбір жастың кәсіби және тұлғалық қалыптасуына бағыт-бағдар беретін қадірлі тұлға. Орталық Азия Инновациялық университеті барша ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жауапты қызметтеріне табыс, шығармашылық жетістік және зор денсаулық тілейді.
