УНИВЕРСИТЕТ ПЕН МЕКТЕП АРАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЮДА
Орталық Азия Инновациялық университетінде университет пен мектеп арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту мақсатында жоғары сынып оқушыларына арналған ғылыми-тәжірибелік кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шара техника ғылымдарының кандидаты, «Математика, физика және информатика» кафедрасының меңгерушісі Кошкинбаева Мадина Жолдыкараевнаның, профессор, академик Бүркіт Әуесхан Қантөреұлының және кафедраның профессор-оқытушылар құрамының ұйымдастыруымен өтті.
Кездесуге Сауран және Төлеби аудандарындағы мамандандырылған мектеп-интернаттардың жоғары сынып оқушылары қатысты. Оқушылар университет базасында өздерінің ғылыми жобалары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, университет ғалымдарынан ғылыми-әдістемелік кеңес алды.
Ғалымдар жас зерттеушілердің ғылыми жобаларын талқылап, зерттеу жұмыстарының мазмұны мен құрылымын жетілдіру, ғылыми ізденісті дұрыс ұйымдастыру және зерттеу нәтижелерін жүйелеу бағытында ұсыныстар берді. Сондай-ақ оқушыларды ғылымға баулу, олардың зерттеушілік қабілеттерін дамыту және ғылыми жобаларға деген қызығушылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында кәсіптік бағдар беру жұмыстары да жүргізілді. Жоғары сынып оқушыларына университеттің білім беру бағдарламалары, мамандық таңдау мүмкіндіктері, оқу үдерісі мен ғылыми-зерттеу бағыттары туралы ақпарат беріліп, болашақ мамандықты саналы таңдауға бағыт-бағдар ұсынылды.
Осындай кездесулер мектеп пен университет арасындағы байланысты нығайтып, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға, кәсіби бағдарын айқындауға және болашақта ғылыми ізденіспен айналысуына мүмкіндік береді.
