Табиғатқа қамқорлық — болашаққа жанашырлық
«Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасы мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Табиғатым тамаша» атты тақырыппен 5.06.2026ж күні «Парктер шеруі» экологиялық акциясы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың экологиялық білімін арттыру және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың маңыздылығын насихаттау.
Осы іс-шараға Орталық Азия инновациялық университетінен 6В05201- Экология, 6В01503-Биология білім алушылары және оқтытушы құрамы қатысты. Акция барысында білім алушылар, оқытушылар, табиғат жанашырлары және парк қызметкерлері белсенді қатысып, табиғатты қорғауға бағытталған түрлі іс-шараларға ат салысты. Қатысушылар арасында сурет байқаулары, экологиялық викториналар, шығармашылық көрмелер және танымдық кездесулер, түрлі ойындар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар табиғатты қорғау тақырыбында дәрістер өткізіліп, ұлттық парктің биоалуантүрлілігі мен сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы ақпараттар берілді.
«Парктер шеруі» аясында қоршаған ортаны тазалау, ағаш көшеттерін отырғызу және табиғи аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар қатысушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етті.
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары табиғатты қорғау — әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, жастарды экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақырды. Осындай игі шаралар арқылы қоғамның қоршаған ортаға деген жанашырлығы артып, табиғи байлықтарды келер ұрпаққа сақтап қалуға мүмкіндік туады.
«Парктер шеруі» акциясы табиғатты қорғау ісіне қоғам назарын аударып қана қоймай, экологиялық тәрбие берудің маңызды алаңына айналды. Іс-шара соңында белсенді қатысушылар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
