Қарттар күніне орай игі іс-шара ұйымдастырылды

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Орталық Азия Инновациялық университетінің білім алушылары қарттар үйіне арнайы барып, ақ жаулықты әжелеріміз бен ақ сақалды аталарымызға құрмет көрсетті.

Іс-шараның басты мақсаты – аға буын өкілдеріне ізет білдіру, олардың өмірлік тәжірибесін бағалау және қарт жандарға қамқорлық пен көңіл бөлу дәстүрін дәріптеу.

Университет жастары қариялармен жылы жүздесіп, әңгімелесіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Білім алушылардың ыстық ықыласы мен ақжарма тілектері қарттардың жүрегіне жылулық ұялатып, жүздеріне қуаныш сыйлады.

Қарияларымызға құрмет көрсету – халқымыздың асыл құндылықтарының бірі. Осындай игі бастамалар жас ұрпақты үлкенді сыйлауға, мейірімділік пен жанашырлыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Қарттарымыз аман болсын, әр шаңырақта үлкендердің ақ батасы мен берекесі орнасын!

Share this Post