Жастар арасында суицид пен лудоманияның алдын алу – маңызды міндет
Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының тапсырысымен «Қоғамдық денсаулық сақтау институты» жеке ұйымының ұйымдастыруымен Орталық Азия Инновациялық университетінің студенттері арасында суицид пен лудоманияның алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың психологиялық тұрақтылығын нығайту, өмірлік қиындықтарды дұрыс еңсеруге бағыт беру, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, сондай-ақ құмар ойындарға тәуелділіктің адам өміріне тигізетін кері әсері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Кездесу барысында психолог А. Тұрсынбаева студенттерге арнайы дәріс оқып, психологиялық тренинг өткізді. Тренинг аясында эмоционалдық жағдайды тұрақтандыру, күйзелісті еңсеру, өзіне деген сенімділікті арттыру, өмірлік қиындықтарға төтеп беру және күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, «SAU» оңалту орталығының аддиктолог-консультанты Б. Рахымжан Өмірбайұлы жастарға лудоманияның алдын алу, құмар ойындарға тәуелділіктің негізгі белгілері, сондай-ақ оның психологиялық, әлеуметтік және қаржылық салдары туралы кеңінен ақпарат берді.
Мамандар жастарға қиын жағдайларда жалғыз қалмай, дер кезінде қолдау іздеудің, жақын адамдарымен немесе білікті мамандармен ашық сөйлесудің маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ бос уақытты тиімді ұйымдастыру, қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру және өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды. Іс-шара барысында қатысушылардың психологиялық сауаттылығын арттыруға, тәуелді мінез-құлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған пайдалы ақпарат ұсынылды.
Жастардың психологиялық саулығын сақтау, тәуелділіктің алдын алу және қауіпсіз әрі салауатты өмір салтын қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті. Осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жастардың өмірлік қиындықтарға төтеп беру қабілетін арттырып, қажет жағдайда дер кезінде көмекке жүгіну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жастарға қолдау көрсету – болашаққа инвестиция!
