«Кибермәдениет айы» аясында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті
Орталық Азия Инновациялық университетінде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес елімізде өткізіліп жатқан «Кибермәдениет айы» аясында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылар мен университет қызметкерлерінің кибергигиена, ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық туралы білімін арттыру, сондай-ақ интернет кеңістігінде кездесетін киберқауіптердің алдын алу.
Ақпараттық-танымдық кездесуді Жастар саясаты департаментінің басшысы Рақатбек Нұржанұлы Қарсанбек жүргізіп, арнайы шақырылған қонақтарды таныстырды.
Кездесудің ашылуында әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нурлан Шахизиндаұлы Хайдаров сөз сөйлеп, қазіргі цифрлық қоғамда киберқауіпсіздік пен кибермәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Жастарға тақырыптың өзектілігін түсіндіріп, интернет кеңістігінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың қажеттігін атап өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері – полиция капитаны Ердәулет Ералиев, полиция капитаны Бахытжан Бекбаев және Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев қатысты.
Кездесу барысында мамандар интернет желісінде жиі кездесетін киберқылмыс түрлері, интернет-алаяқтықтың заманауи тәсілдері және киберқылмыскерлердің азаматтарды алдау үшін қолданатын әдістері туралы кеңінен түсіндірді.
Студенттерге дербес деректерді қорғау, фишингтік шабуылдардан сақтану, күмәнді сілтемелер мен файлдарды ашпау, күрделі әрі сенімді құпиясөздерді пайдалану, аккаунттарды қосымша қорғау және белгісіз тұлғаларға жеке мәліметтерді бермеу жөнінде маңызды кеңестер берілді.
Сонымен қатар, Жастар орталығының психолог маманы киберкеңістіктегі психологиялық қауіпсіздік, интернеттегі манипуляциялардан сақтану және жастардың цифрлық ортада жауапты мінез-құлық қалыптастыруының маңыздылығы жөнінде ақпарат берді.
Кездесу аясында арнайы бейнеролик көрсетіліп, қатысушыларға электронды ақпараттық-насихат материалдары ұсынылды.
Мамандар интернет-алаяқтыққа тап болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін, құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібін және азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді жолдарын түсіндірді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.
Іс-шара соңында спикерлер жастарды цифрлық технологияларды күнделікті өмірде пайдалану кезінде қырағылық танытуға, күмәнді хабарламаларға сенбеуге, белгісіз нөмірлерден келіп түскен қоңырауларға сақтықпен қарауға және дербес деректердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, киберқауіптерге қарсы иммунитетін қалыптастыруға және қоғамда қауіпсіз цифрлық мәдениетті дамытуға ықпал етеді.
