Біздің университет халықаралық Қазақстан–Ресей жастар алаңында
2026 жылғы 24–25 шілде күндері Ресей Федерациясының Омбы қаласында Қазақстан мен Ресейдің XXII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Жастар форумы өтті. Аталған халықаралық іс-шараға Орталық Азия Инновациялық университетінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Қарсанбек Рақатбек Нұржанұлы қатысты.
Форумға Қазақстанның әр өңірінен іріктелген 30 делегат қатысты. Солардың қатарында Шымкент қаласынан таңдалған екі делегаттың бірі ретінде Орталық Азия Инновациялық университетінің өкілі еліміздің атынан белсенді жұмыс жүргізді.
Форум бағдарламасы аясында жастар кәсіпкерлігін дамыту, креативті индустрияларды қолдау, волонтерлік қозғалысты нығайту және халықаралық жастар ынтымақтастығын кеңейту мәселелеріне арналған панельдік сессиялар, сарапшылық пікірталастар мен жобалық жұмыстар ұйымдастырылды. Қарсанбек Рақатбек Нұржанұлы аталған алаңдарда белсенді қатысып, халықаралық тәжірибе алмасып, әріптестік байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.
Орталық Азия Инновациялық университеті білім алушылардың жан-жақты дамуына, халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысуына және олардың көшбасшылық әлеуетін арттыруға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Осындай мүмкіндіктер студенттердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыруына және халықаралық ынтымақтастықты дамытуына жол ашады.
Халықаралық деңгейдегі мұндай форумдар жастардың тәжірибе алмасуына, жаңа серіктестіктер қалыптастыруына және еліміздің білім беру әлеуетін халықаралық кеңістікте танытуына маңызды үлес қосады.
