«Ғылым күндеріне орай өткен «Малайзияның заманауи архитектурасы” тақырыбындағы халықаралық дәріс»

2026 жылғы 9 сәуірде Орталық Азия Инновациялық университетінің Музыка, кәсіптік оқыту және дизайн кафедрасында маңызды халықаралық іс-шара өтті. Путра Малайзия университетінің өкілі, PhD докторы Maszura Abdul Ghafar арнайы шақырумен келіп, 6В02103 – «Дизайн (Архитектура)» білім беру бағдарламасының студенттеріне «Малайзияның заманауи архитектурасы» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс барысында спикер Малайзиядағы заманауи архитектуралық үрдістерге, тұрақты (sustainable) дизайн қағидаттарына, экологиялық тиімді құрылыс шешімдеріне және қалалық кеңістікті ұйымдастырудың ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, ол халықаралық тәжірибелермен бөлісіп, сәулет пен дизайн саласында инновациялық тәсілдер мен цифрлық технологияларды қолданудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараға «Дизайн» білім беру бағдарламасының профессор-оқытушылар құрамы да қатысып, мазмұнды кәсіби пікір алмасу алаңына айналды. Дәріс интерактивті форматта өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға тікелей жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Дәрістен кейін құрметті қонақ кафедраның материалдық-техникалық базасымен танысты. Атап айтқанда, шығармашылық шеберханалар, мультимедиялық кабинеттер, қолөнер мұражайы және оқу аудиториялары көрсетілді. Сонымен қатар, ол студенттердің стартап жобаларымен танысып, олардың креативті идеялары мен практикалық жұмыстарын жоғары бағалады.

Кездесу барысында тараптар алдағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Maszura Abdul Ghafar Путра Малайзия университеті мен университет арасындағы әріптестікті нығайтуға дайын екенін білдіріп, бірлескен ғылыми жобалар, академиялық ұтқырлық және тәжірибе алмасу бағыттарының маңыздылығын атап өтті.

Аталған іс-шара білім алушылар мен оқытушылар үшін халықаралық тәжірибе алмасудың тиімді үлгісі болып, білім беру сапасын арттыруға және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға зор үлес қосты.

Share this Post