Наурызнама аясында ұлттық спорт түрлерінен жоғары оқу орындары арасында жарыстар өтті
Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай Орталық Азия Инновациялық университетінде Шымкент қаласының жоғары оқу орындары арасында қалалық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараға қаладағы ЖОО студенттері қатысып, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өзара бақ сынасты. Салтанатты ашылу рәсімінде университеттің оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры Нұрзақ Жезтайұлы Дүйсенов пен Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының жастарды әлеуметтендіру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Ақбота Оспан құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыс қорытындысы бойынша қатысушылар бес спорт түрінен өз шеберліктерін көрсетіп, үздіктер арнайы марапаттарға ие болды. Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы. Осындай игі шаралар арқылы ұлттық құндылықтар дәріптеліп, жастардың рухани және физикалық дамуына серпін берілуде.