Студенттер Шымкент қалалық ҰҚК департаментінің қызметімен танысты

2 наурыз күні Орталық Азия инновациялық университетінің 3-курс студенттерінен құралған топ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне барып, ашық сабақ форматында өткен кездесуге қатысты.

Ашық сабақты департаменттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник Уәлихан Адаев өткізді. Кездесу барысында студенттерге департаменттің қызметі мен тарихы, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының ел тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы мәлімет берілді.

Экскурсия барысында студенттер департамент ауласындағы Тәуелсіздікке арналған мемориалдық тақтамен, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының қатысушыларына және құрметті генералдарға қойылған ескерткіштермен танысып, өмірден өткен ардагерлерге құрмет көрсетті.

Сонымен қатар студенттер департамент мұражайын аралап, арнайы қызметтің қалыптасу тарихы мен қызметіне қатысты құнды жәдігерлермен танысты.

Кездесу барысында жастар департамент тарихына үлкен қызығушылық танытып, ұйымдастырушыларға мазмұнды әрі танымдық іс-шара үшін алғыстарын білдірді.

Share this Post