ОАИУ білім алушылары мен оқытушылары Өзбекстанда академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысты
Орталық Азия Инновациялық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен 2 және 3 курс білім алушылары сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Өзбекстан Республикасының Жизах қаласында орналасқан Жизах мемлекеттік педагогикалық университеті мен Жизах политехникалық институтында болып, білім алып, тәжірибе алмасты.
Жизах мемлекеттік педагогикалық университетіне «Математика, физика және информатика» кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Оспанова Рахима Джулибаевна, сондай-ақ 6В01515 – «Математика (ІР)» білім беру бағдарламасының 2 курс білім алушылары Артукова Дурдона Уткирбековна және Махаметова Нозима Илхамжановна барды.
Жизах политехникалық институтында «Математика, физика және информатика» кафедрасының магистрі, аға оқытушы Шынжігіт Бекмұрат Бекболатұлы және «Техника және ақпараттық технологиялар» кафедрасының магистрі, оқытушы Байгабылова Эльвираның жетекшілігімен бірқатар білім алушылар академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысты.
Атап айтқанда, 6В06103 – «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының 2 курс білім алушылары Розумуратов Сирожиддин Зухриддинович пен Хажиметов Бобур Касымбекович, 3 курс білім алушылары Ирисликов Элбек Бахтияржанұлы мен Турсункулова Бибихадичагулкубара Улугбекқызы, сондай-ақ 6В06106 – «Компьютерлік ғылымдар» білім беру бағдарламасының 2 курс білім алушылары Умартаев Асадбек Абдигаппарұлы және Абдиваитов Сардор Сайдахматович білім алып, тәжірибе алмасты.
Іссапар барысында білім алушылар шетелдік жоғары оқу орындарының білім беру үдерісімен, оқу-әдістемелік базасымен және тәжірибесімен танысып, кәсіби білімдері мен дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар оқытушылар әріптестерімен тәжірибе алмасып, академиялық және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Жизах мемлекеттік педагогикалық университетімен сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамыту және екі жоғары оқу орны арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында келісімшартқа қол қойылуы болды.
Сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы білім алушылардың тек өз университетінің қабырғасында ғана емес, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, жаңа академиялық ортамен танысуына, халықаралық тәжірибе жинақтауына және кәсіби көкжиегін кеңейтуіне мол мүмкіндік береді.
Осындай мүмкіндіктерге жол ашып, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының халықаралық тәжірибе алмасуына қолдау көрсеткен Орталық Азия Инновациялық университетінің басшылығына алғыс білдіреміз!
