Университетіміздің делегациясы Польшаға жұмыс сапарымен барып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтты

2026 жылғы 20–24 сәуір аралығында университет ректоры, т.ғ.к., профессор А.С. Ажидинов пен бірінші проректор, э.ғ.к. Е.З. Онласыновтан құралған университет делегациясы поляк тарапының шақыруымен Польша еліне жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында 2026 жылғы 20 сәуірде делегация Кельце қаласындағы Старополь қолданбалы ғылымдар академиясына барды. Аталған жоғары оқу орнының басшылығымен өткен келіссөздер барысында профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық ұтқырлығы, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ортақ ғылыми мақалалар жариялау, сондай-ақ Erasmus бағдарламасы аясында оқытушылар мен студенттер алмасу мәселелері талқыланды. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Университет ректоры А.С. Ажидинов Старополь қолданбалы ғылымдар академиясының ректоры, профессор Грегорж Вилк-Якубовскийге, проректорлар профессор Яцек Вилк-Якубовскийге, Радослав Славомир Харабинге және Артур Марек Кучинскиге Орталық Азия инновациялық университетінің DOCTOR HONORIS CAUSA дипломдарын табыстады.

24 сәуір күні университетіміздің делегациясы Вроцлав қаласында өткен «Қауіпсіздік архитектурасы. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді трансформациялау мен картографиялаудың әлеуметтік шеңберлері» атты халықаралық әдіснамалық форумның жұмысына қатысты. Халықаралық форумға Словакия, Украина, Польша және Қазақстан елдерінің ғалымдары қатысты.

Сонымен қатар Польшадағы Жоғары кәсіби білім беру мектебімен ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейту жөніндегі келісімге қол қойылды. Университет ректоры А.С. Ажидинов Жоғары кәсіби білім беру мектебінің ректоры Ирэна Малиновски ханымға Орталық Азия инновациялық университетінің DOCTOR HONORIS CAUSA дипломын табыстады.

Сапар қорытындылары университетіміздің Польша жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығын дамытуға және жоғары білімді мамандар даярлау сапасын арттыруға өз ықпалын тигізеді.

Share this Post