Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара

Орталық Азия Инновациялық университеті ұжымында 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай ерекше салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Университеттің аяулы ханымдары білім ордасының ер-азаматтарын зор құрметпен қарсы алып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Іс-шара барысында Отан қорғаушылар күні – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтап жүрген азаматтарға құрмет көрсететін маңызды мереке екені атап өтілді. Университет қабырғасында қызмет етіп жүрген ер-азаматтардың білім мен ғылым саласындағы еңбегі, жастар тәрбиесіндегі жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігі ерекше бағаланды.

Мерекелік жиын әсерлі құттықтаулармен басталып, концерттік бағдарламаға ұласты. Кеш барысында ән шырқалып, жүрекке жылы лебіздер айтылып, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Университет ханымдары ер-азаматтарға ізгі тілектерін арнап, олардың қоғамдағы, отбасы мен ұжымдағы рөліне ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, мереке иелеріне арнайы сыйлықтар табысталып, құрмет көрсетілді. Бұл шара ұжым арасындағы сыйластық пен бірліктің, әріптестік мәдениеттің айқын көрінісіне айналды.

Бүгінде Отан қорғаушылар күні – тек әскери қызмет иелерінің ғана емес, ел болашағы үшін еңбек етіп жүрген барлық ер-азаматтарға көрсетілетін құрмет мерекесі. Осы орайда университет ұжымы ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, олардың еңбегіне табыс тіледі.

Орталық Азия Инновациялық университеті ұжымы барлық ер-азаматтарды мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасылық бақыт, қажымас қайрат, білім мен ғылым жолында толағай табыс, ел игілігі жолындағы еңбектеріне сәттілік пен үлкен жетістіктер тілейді. Ел тыныштығы мен Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрдайым берік болсын!

Share this Post