«Кәсіптік оқыту» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII Республикалық олимпиада ұйымдастырылды

Орталық Азия Инновациялық Университеті 2026 жылдың 29 сәуір айында Қазақстан Республикасының Ғылым және Жоғары Білім министрлігі бекіткен іс-шаралар шеңберінде 6В01403-Кәсіптік оқыту білім беру бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындары студенттерінің арасында XVIII Республикалық пәндік олимпиада өткізілді.

Олимпиаданың мақсаты: жоғары оқу орындарының студенттері арасында кәсіби білім деңгейін арттыру, олардың теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, дарынды студенттерді халықаралық олимпиадаларға қатысуға іріктеу және дайындау.

Аталған білім додасына еліміздің 7 жоғары оқу орнынан үздік студенттер қатысып, өзара білім мен шеберліктерін сынға салды. Қатысып, сайысқа түскен ЖОО-ы атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Шымкент университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университеті, Мирас университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Жұмабек Ахметұлы Ташенов атындағы университеті.           

Олимпиада 3 кезеңнен тұрады:

1 кезең – теориялық, тестілеу

2-кезең – практикалық тапсырмаларды орындау

3-кезең ғылыми жоба жұмыстарын қорғау

Олимпиада барысында қатысушылар теориялық және практикалық тапсырмалар арқылы кәсіби құзыреттіліктерін көрсетіп, шығармашылық әлеуеттерін дәлелдей білді. Нәтижесінде үздік деп танылған қатысушылар төмендегідей жүлделі орындарға ие болды:

Бағалау барысында қазылар алқасы қатысушылардың ғылыми жобаларына ерекше назар аударып, әр жұмыс бойынша мазмұнды және терең сұрақтар қойды. Қатысушылар өз жобаларының өзектілігін, практикалық маңызын, ғылыми жаңалығын және қолдану мүмкіндіктерін жан-жақты дәлелдеп, жоғары деңгейде қорғай білді.

Қазылар алқасының кәсіби сұрақтары мен ұсыныстары студенттердің сыни ойлау қабілетін арттырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын күшейтті. Бұл өз кезегінде олимпиаданың мазмұнын тереңдетіп, оның сапалы өтуіне ықпал етті.

Пәндік олимпиада қорытындысы бойынша І орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері иеленді. ІІ орынға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Орталық Азия Инновациялық университетінің студенттері лайық деп танылды. Ал ІІІ орынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Жұмабек Ахметұлы Ташенов университеті және Шымкент университетінің студенттері өзара бөлісті.         Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, ерекше жетістіктері мен мықты жұмыстары үшін қатысушыларға номинациялар беріліп, барлық қатысқан студенттерге сертификаттар табысталды.

Студенттерді дайындаған жетекшілерге олардың еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін алғыс хаттар ұсынылды.

Олимпиаданың әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне 5 мүшеден құралған қазылар алқасы өз үлесін қосты. Қазылар алқасының төрайымы – Алматы технологиялық университетінің PhD, профессоры. Сонымен қатар, құрамында жоғары оқу орындарының тәжірибелі оқытушылары, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшелері және білім беру саласының өкілдері болды.

Бұл олимпиада студенттердің кәсіби шеберлігін арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және өзара тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік берді. Осындай білім сайыстары болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың кәсіби дамуына жол ашады.

Share this Post