Жаңа Конституция жобасын әзірлеуге және оны қабылдауға қосқан үлесі үшін заңгер-ғалымдар марапатталды

Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін жаңғыртудағы маңызды тарихи кезеңдердің бірі – Жаңа Конституция жобасын әзірлеу және оны жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдау болды. Осы ауқымды және жауапты үдерісте жоғары кәсібилік пен азаматтық ұстаным көрсеткен бірқатар заңгер-ғалымдардың еңбегі ерекше бағаланды.

Атап айтқанда, Орталық Азия Инновациялық Университетінің «Құқық» кафедрасының заң ғылымдарының кандидаттары, доценттер С. Жорабеков пен Б.Е. Имашев Жаңа Конституция жобасын сапалы дайындауға, сондай-ақ оны қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдумды ұйымдастыру мен өткізуге айрықша үлес қосты. Өздерінің терең ғылыми білімі мен тәжірибесін пайдалана отырып, олар конституциялық нормалардың мазмұнын жетілдіруге, құқықтық қағидаттардың сақталуына және заңнамалық үдерістің тиімді жүзеге асырылуына зор ықпал етті.

Ғалымдардың бұл еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, олар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алғыс хатпен марапатталды. Бұл марапат – олардың кәсіби шеберлігінің, ел дамуына қосқан үлесінің және құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы адал қызметінің айқын дәлелі.

Аталған оқиға тек жеке мамандардың жетістігі ғана емес, сонымен қатар отандық заң ғылымының дамуына қосылған маңызды үлес болып табылады. Мұндай жетістіктер жас заңгерлерге үлгі болып, оларды ел игілігі жолында қызмет етуге ынталандырады.

Share this Post