Колледж – табысты кәсіби жолдың бастауы

2026 жылғы 20 ақпанда Манап Өтебаев атындағы Жоғарғы Жаңа технологиялар колледжі ұйымдастыруымен «Цифрлық әлемге кемел біліммен» тақырыптық апталығы аясында «Колледж – менің өмірлік жолымның бастауы» тақырыбында іс-шара өткізілді. Аталған кездесуге құрметті қонақ ретінде Орталық Азия инновациялық университетінің «Техника және ақпараттық технологиялар» кафедрасы шақырылды.

Іс-шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, колледждің бітіруші түлектерін, оқытушыларын және жоғары оқу орны өкілдерін бір алаңға тоғыстырды. Кездесу барысында университеттің білім беру бағдарламалары, ақпараттық технологиялар саласындағы даярлық бағыттары, жоғары білім алудың мүмкіндіктері мен кәсіби даму перспективалары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Колледж түлектері оқуға түсу талаптары, академиялық ұтқырлық, өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктері, ғылыми-зерттеу және жобалық қызметке қатысу, сондай-ақ еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасу жолдары жөнінде мазмұнды мәлімет алды. Студенттердің жоғары оқу орнына бейімделуі, цифрлық құзыреттерді дамыту және кәсіби дағдыларды жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар іс-шараның мазмұндылығы мен практикалық маңыздылығын атап өтіп, ұсынылған ақпараттың өзектілігін және университет өкілдерімен тікелей кәсіби диалог орнатудың тиімді болғанын жеткізді. Мұндай форматтағы кездесулер орта арнаулы және жоғары білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, білім беру сабақтастығын қамтамасыз етуге және талапкерлердің саналы кәсіби бағдарын қалыптастыруға ықпал етеді.

Алдағы уақытта колледж бен университет арасындағы әріптестік байланыстарды одан әрі дамыту және бірлескен кәсіби бағдар беру іс-шараларын жүйелі түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Share this Post