«Ұлылар үндестігі»: руханият кеңістігіндегі тағылымды кеш
2026 жылғы 18 ақпанда Орталық Азия инновациялық университетінде жаңа оқу ғимаратының ашылуына орай «Ұлылар үндестігі» атты әдеби-сазды салтанатты кеш жоғары деңгейде өтті. Аталған шара университет тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – білім кеңістігінің кеңеюімен тұспа-тұс келіп, рухани мазмұнымен ерекшеленді. Кешті «Тілдер және әдебиет» кафедрасы ұйымдастырып, білім мен руханияттың өзара сабақтастығын айқындады.
Кеш барысында университетіміздің ректоры А.С. Ажидинов пен бірінші проректоры Е.З. Оңласынов сөз сөйлеп, білім беру үдерісін жетілдіру, жастардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамыту – оқу орнының басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар мұндай рухани шаралардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, кештің білім алушылардың рухани дүниесін байытып, әлем әдебиетінің жауһарларымен тереңірек танысуына мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Тілдер және әдебиет» кафедрасының меңгерушісі М.У. Тусеев өз сөзінде шараның мақсаты – қазақ және әлем әдебиетіндегі рухани үндестікті көрсету, ұлы тұлғалар мұрасы арқылы жас ұрпақты ізгілік пен парасатқа тәрбиелеу екенін атап өтті. Сонымен қатар әдебиеттің халықтар арасын жақындастыратын, уақыт пен кеңістікті жалғайтын маңызды рухани құндылық екеніне тоқталды.
Өнер мен білімде шекара жоқ екенін дәлелдеген әдеби-музыкалық бағдарламада Абай Құнанбайұлы, Александр Пушкин, Михаил Лермонтов, сондай-ақ ағылшын романтизмінің көрнекті өкілі Джордж Байрон шығармалары кеңінен насихатталды.
Әдеби бөлім музыкалық композициялармен үйлесім тауып, кеш мазмұнын байыта түсті. Күй мен ән арқылы ұлт рухының биіктігі, тарихтың тереңдігі, сөз өнерінің құдіреті айқын сезілді. Сахнада орындалған әрбір шығарма көрерменді терең ойға жетелеп, ұлттық рухты асқақтатты.
Кештің ерекшелігі – ұлы тұлғалардың шығармашылық үндестігін көрсетуінде болды. Бір дәуірде өмір сүрмесе де, олардың идеялық мұраттары мен адамгершілік қағидалары бір арнада тоғысатыны көркем қойылымдар арқылы шебер жеткізілді. Жастар жағы белсенділік танытып, кешке тыңғылықты дайындалғаны байқалды.



