Жастар тәрбиесі – қоғам қауіпсіздігінің кепілі

2026 жылғы 19 мамырда Орталық Азия инновациялық университетінің «Бизнес және туризм» кафедрасында «Қоғамдық тәртіпті сақтау, буллинг (мазақтау, қорлау) пен лудоманияның (құмар ойындарға тәуелділік), интернет алаяқтылықтың зияны мен қауіптілігін түсіндіру, салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі мен алкогольдің зияны, құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында тәрбие сағаты өтті.

Іс-шара барысында студенттерге қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу жолдары туралы жан-жақты түсіндірме берілді.

Кафедраның аға тәлімгері Г.Ж. Абдраманова өз сөзінде лудомания, нашақорлық пен алкоголизм қазіргі қоғамның күрделі мәселелерінің бірі екенін атап өтті. Бұл тәуелділіктер адамның рухани әлсіреуіне, физикалық және психологиялық тұрғыдан зардап шегуіне алып келетінін айтты.

Сонымен қатар, интернет алаяқтылықтың кең таралып келе жатқан қауіптеріне тоқталып, оның алдын алу жолдарын түсіндірді. Салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы, есірткі мен алкогольдің зияны және құқық бұзушылықтың алдын алуда әр адамның жауапкершілігі ерекше екені айтылды.

Тәрбие сағаты студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіпсіз әрі саналы өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара болды.

Share this Post