ОАИУ-да «Менің арманым» атты VIII Халықаралық стартаптар байқауы өз мәресіне жетті
2026 жылғы 9 сәуірде шетел мемлекеттері, Қазақстан және оңтүстік өңір студенттері, магистранттары мен колледж білім алушылары арасында өткен «Менің арманым» атты VIII Халықаралық жастардың бизнес-жобалар (стартаптар) байқауы өз мәресіне жетті.
Байқаудың негізгі мақсаты — білім алушыларды кәсіпкерлікке тарту, инновациялық идеяларды дамыту арқылы тың жобаларды анықтау және іріктеу, сондай-ақ білім беру ортасында инновациялық кәсіпкерлікті кеңінен насихаттау.
Байқаудың сараптамалық комиссиясы құрамында: Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Алисафар Диас Мұхтарұлы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Қанлыбаев Мұғазан Нұрманұлы, сондай-ақ бизнес және кәсіпкерлік саласының өкілдері болды.
63-тен астам ұсынылған жобаның ішінен финалға 15 үздік жоба іріктеліп алынды. Олар келесі жоғары оқу орындарының білім алушылары тарапынан ұсынылды: Газосманпаша университеті (Токат қаласы, Түркия), Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті (Орал қаласы), Сүлейман Демирел университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Түркістан қаласы), академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, «Мирас» университеті.
Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар келесі номинациялар бойынша марапатталды:
«Үздік бизнес-жоба», «Болашаққа бағытталған үздік жоба», «Көрермендер таңдауы», «Маркетинг саласындағы үздік стартап», «Жасанды интеллект саласындағы үздік стартап», «Үздік әлеуметтік стартап», «Қызмет көрсету саласындағы үздік стартап».
