«Мамандық бойынша жеткен жетістіктер» атты түлектер дискурсы өтті
2025 жылғы 23 сәуірде сағат 15:00-де Орталық Азия инновациялық университетінің (Мардан Сапарбаев ғимараты) акт залында университет Түлектер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Мамандық бойынша жеткен жетістіктер» тақырыбында дискурс өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – университет пен оның түлектері арасындағы байланысты нығайту, білім беру сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстармен бөлісу, сондай-ақ түлектердің кәсіби тәжірибесін қазіргі білім алушылармен ұштастыру болды.
Дискурс барысында әр салада еңбек етіп жүрген түлектер өздерінің жұмыс жолындағы жетістіктері мен тәжірибелері жайлы баяндап, университетте алған білімнің кәсіби тұрғыда үлкен септігін тигізгенін атап өтті. Олар университетті насихаттау, жұмыс барысында кездескен ерекшеліктермен бөлісіп, студенттердің қызығушылығын тудырған түрлі сұрақтарға жауап берді. Шара еркін форматта, пікір алмасу және мазмұнды диалог алаңына айналды.
Сонымен қатар, түлектер қазіргі таңда университет білім алушыларына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіптік практика базаларын кеңейту және білім беру бағдарламаларын жетілдіруге тікелей үлес қосып келе жатқандықтарын жеткізді.
Университет басшылығы Түлектер қауымдастығының бастамаларын жоғары бағалап, мұндай кездесулердің студенттерге кәсіби бағыт-бағдар беруде маңызы зор екенін атап өтті.



