«Музыкалық білім беру» білім беру бағдарламасы түлектерінің есеп беру концерті өтті
13.05.2026 ж. күні Орталық Азия инновациялық университеті базасында 6В01405 – «Музыкалық білім» білім беру бағдарламасы түлектерінің есеп беру концерті өтті. Іс-шара студенттердің оқу барысында алған білімдерінің жарқын қорытындысы болып, олардың кәсіби дайындығының, шығармашылық шеберлігінің және сахна мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетті.
Концерттік бағдарламаға хор ұжымы, аспапта орындаушылар мен вокалистер қатысты. Әрбір өнер көрсету әсерлілігімен, көркемдік мәнерімен және орындаушылық сенімділігімен ерекшеленді. Хор шығармалары көрермендерді үйлесімді әуезімен және музыкалық туындыларды терең сезіне орындауымен тәнті етсе, аспаптық шығармалар орындаушылардың техникалық шеберлігі мен артистік қабілетін айқын көрсетті. Ал вокалдық нөмірлер залға ерекше шабыт пен шынайы сезім сыйлады.
Концерт жылы әрі мерекелік көңіл күйде өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Оқытушылар, студенттер және қонақтар түлектердің жоғары дайындық деңгейін, өнерге деген адалдығы мен музыкаға деген сүйіспеншілігін ерекше атап өтті.
Есеп беру концертінің ерекше маңызды сәттерінің бірі – университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор А.С. Ажидинов-тың құттықтау сөзі болды. Ол түлектерді оқуды сәтті аяқтауларымен құттықтап, жас мамандарды даярлаудағы еңбектері үшін оқытушылар құрамына алғысын білдірді. Өзінің жүрекжарды лебізінде ректор түлектерге шығармашылық табыс, шабыт, кәсіби өсу тілеп, музыкалық білім беру саласында университеттің абыройын лайықты деңгейде таныта берулеріне сенім білдірді.
Есеп беру концерті оқу үдерісінің қорытындысы ғана емес, талант пен кәсібилікті, шығармашылық пен өнерге деген сүйіспеншілікті тоғыстырған ерекше рухани кешке айналды.

