Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мамандарымен кездесу өтті
Орталық Азия инновациялық университеті Жаратылыстану-ғылыми факультетінің «Химия, биология және экология» кафедрасының ұйымдастыруымен 25.02.2026 күні Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлерімен кездесу өтті.
Аталған іс-шара 6В05201–Экология, 6В01503–Биология, 6В01505–Химия-биология білім беру бағдарламаларының білім алушыларына арналды. «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі биоалуантүрлілікті сақтау» тақырыбында әр бөлімнің мамандары: аға ғылыми қызметкерлер Үмірзакова А.Т., Бердиева Қ.А., инженер Қалдыбаева А.Ә., биолог Нуратбек А.М. оқу-танымдық дәріс оқыды.
Кездесу барысында мамандар ұлттық парктің табиғи ерекшеліктері, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі – экологиялық жүйенің биологиялық әртүрлілігін сақтау, табиғи кешендер мен қорықтар қорын қорғау, мәдени құндылықтарды сақтау және қоршаған ортаны қорғау екендігі атап өтілді.
Дәріс барысында бейнероликтер көрсетіліп, тың мәліметтер ұсынылды. Лекция соңында білім алушылар мен мамандар арасында сұрақ-жауап форматында қызу талқылау өтіп, еркін сұхбат ұйымдастырылды. Кездесу қорытындысында университет тарапынан ұлттық парк қызметкерлеріне алғыс білдіріліп, арнайы марапаттар табысталды.
