Университетте әскери кафедра бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды
17 ақпан күні Орталық Азия Инновациялық Университетінің қабырғасында 1–2 курс студенттері арасында әскери кафедра бойынша түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесуге Әскери дайындық және патриоттық тәрбие орталығының басшысы, запастағы подполковник Балғабеков Қайрат Әжібекұлы және орталық басшысының орынбасары, запастағы майор Артықбаев Бақыт Шәмшібекұлы қатысты.
Іс-шара барысында студенттерге әскери кафедрада білім алу тәртібі, қабылдау талаптары, оқу кезеңдері, болашақ офицерлік даярлықтың маңызы және әскери қызметтің жастардың тұлғалық қалыптасуына ықпалы туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар қатысушылар әскери кафедраның мүмкіндіктері, оқу барысында қалыптасатын тәжірибелік дағдылар, әскери атақ алу тәртібі және болашақ қызмет жолдары жөнінде өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды.
Кездесу жастардың әскери-патриоттық санасын қалыптастыруға және кәсіби бағдар беру жұмыстарына бағытталған маңызды іс-шара болды.
