Академиялық ұтқырлық аясында Өзбекстаннан келген профессордың университетіміздегі іс-сапары
2024 жылғы 11-15 қараша аралығында университетімізде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласының «Ғылым және технология университеті»нен келген PhD, доцент Хасанов Абдушохид Абдурашидович іс-сапармен болды. Бұл сапар университетіміздің техника және ақпараттық технологиялар кафедрасының бастамасымен ұйымдастырылды.
Хасанов Абдушохид Абдурашидович – өзінің саласында танымал маман, заманауи ақпараттық технологиялар саласындағы ғылыми зерттеулері мен тәжірибесі мол ғалым. Іс-сапар барысында ол білім беру бағдарламаларында оқитын студенттерге бірнеше бағытта дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар өткізді. Оларға мыналар кіреді:
-Заманауи мультимедиялық технологиялар
-Алгоритм және бағдарламалау
-Виртуалды білім беру жүйесін құру және қолдау
-Компьютерлік графика
-IT-инфрақұрылымды жобалау
-Бұлттық есептеулер мен виртуалдау
Хасанов мырза 6B01501 «Информатика мұғалімдерін даярлау», 6B06103 «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» және 7M01504 «Информатика» білім беру бағдарламалары бойынша оқитын студенттермен жұмыс істеп, заманауи әдістер мен технологиялар туралы құнды мәліметтер ұсынды. Оның дәрістері мен практикалық сабақтары студенттердің теориялық және қолданбалы білімдерін жетілдіруге ықпал етті.
Сонымен қатар, профессор университетіміздің оқытушылар құрамымен және студенттерімен IT саласындағы инновациялық шешімдер мен заманауи зерттеу әдістері бойынша тәжірибе алмасты. Бұл кездесу университетіміздің ғылыми және оқу-әдістемелік әлеуетін арттырып қана қоймай, көршілес елдердің ғылыми ынтымақтастығын нығайтудың маңызды қадамы болды.
Хасанов Абдушохид Абдурашидовичтің сапары тек білім алушылар үшін ғана емес, сонымен қатар университет оқытушылары үшін де маңызды болды. Ол заманауи білім беру технологияларын пайдалану, IT инфрақұрылымын дамыту және цифрлық білім беру ресурстарын қолдау туралы маңызды кеңестер берді.
Кафедраның ұйымдастырушылық қолдауымен өткен бұл іс-шара университетіміздің білім беру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі болып табылады. Мұндай академиялық ұтқырлық бағдарламалары халықаралық тәжірибе алмасудың маңызды құралы болып табылады және ғылыми қауымдастық арасындағы байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.