«Құқық» мамандығының студенті қаржылық сауаттылық бойынша олимпиаданың екінші кезеңіне өтті

«Құқық» білім беру бағдарламасының студенті Рехенберг Алина Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған қаржылық сауаттылыққа арналған олимпиаданың екінші кезеңіне сәтті өтіп, өз білімін жоғары деңгейде көрсетті.

Олимпиада жастардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, жеке қаржыға деген жауапты көзқарасты қалыптастыру, сондай-ақ студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы мәдениетті насихаттау мақсатында өткізілуде.

Байқаудың бірінші кезеңі еліміздің барлық өңірлерінен келген студенттерді біріктіріп, қаржылық мониторинг негіздері, дағдарысқа қарсы басқару, бюджетті жоспарлау, қаржылық қауіпсіздік және кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл бойынша тест тапсырмаларын қамтыды. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Рехенберг Алина үздіктер қатарынан көрініп, екінші кезеңге өтуге мүмкіндік алды.

Олимпиаданың екінші кезеңінде қатысушылар эссе жазу тапсырмасын орындады. Алина бұл кезеңде де өзін жоғары деңгейде көрсете білді — құқықтық және қаржылық дайындық деңгейінің жоғарылығын, аналитикалық ойлау қабілетін және қаржы саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелеріне деген қызығушылығын байқатты.

Университетіміз студенттердің осындай жетістіктерімен мақтанады және Рехенберг Алинаға белсенді қатысқаны үшін алғысын білдіре отырып, алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа биіктерді бағындыруына тілектестік білдіреді!

Share this Post