«Тәуелділіктің алдын алу – жарқын болашаққа қадам» тақырыбындағы маңызды іс-шара
Бүгін біздің оқу ордамызда қоғамда өзекті мәселеге айналған тәуелділіктің алдын алу мақсатында «Тәуелділіктің алдын алу – жарқын болашаққа қадам» атты маңызды іс-шара өтті. Бұл жиын Техника және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Тенизбаев Егенберди Жансеитович мырзаның бастауымен ұйымдастырылды. Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім алушылары бұл іс-шараны жоғары деңгейде өткізіп, табандылығы, белсенділігі және саналы көзқарастарымен ерекшеленді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында нашақорлық, алкоголизм, құмар ойындарға тәуелділік сияқты зиянды әдеттердің алдын алу, олардың зияны туралы ақпараттандыру және салауатты өмір салтын насихаттау болды. Жиын барысында қатысушылар нашақорлықтың адам денсаулығына және қоғамға тигізетін кері әсерлері, алкоголизмнің отбасылық жағдайға әсері, құмар ойындардың жастардың психологиясына тигізер зияны сияқты мәселелерді жан-жақты талқылады.
Іс-шараға оқу орны басшылығы мен құрметті қонақтар да қатысты. Стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректор Игнашова Людмила Викторовна және Бизнес және құқық факультетінің деканы Тусеев Мухамеджан Умирзакович мырза іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, жастардың бойында зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру қажеттілігіне назар аударды.
Бұл кездесу жас буынның саналы таңдау жасауына, зиянды әрекеттерден аулақ болуына және салауатты өмір сүру дағдыларын қалыптастыруына оң ықпал етті. Біздің басты мақсатымыз – тәуелділіктің алдын алып, дені сау, жарқын болашаққа ұмтылған ұрпақ тәрбиелеу.
