OAIU студенттері Digital Almaty 2025 дрон сайысына қатысты
31 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Алматыда VII Халықаралық Digital Almaty 2025 форумы өтті. Биылғы форумның басты тақырыбы – «Industrial AI: жаңа дәуір технологиялары», яғни жасанды интеллектінің индустриялық саладағы дамуы болды. Іс-шараға стартап иелері, инвесторлар, бизнес және мемлекеттік құрылым өкілдері жиналып, цифрлық трансформация саласындағы маңызды мәселелерді талқылады.
OAIU «Техника және ақпараттық технологиялар» кафедрасында білім алатын студенттері жетекшілері Турақұлов Алишер, Омар Нұрбек және Бердіқұл Едіге басшылығымен бұл ауқымды шараға белсене қатысты. Форум аясында робототехника, жасанды интеллект, бағдарламалау және дрон технологиялары бойынша әртүрлі сайыстар ұйымдастырылды. Әр секцияда қатысушылар өздерінің техникалық дағдылары мен инновациялық шешімдерін көрсетті.
Digital Almaty Multi-Drone Championship (MDC) дрон-футбол чемпионаты ерекше қызығушылық тудырды. Дәл осы сайысқа OAIU студенттері қатысып, жоғары дайындық деңгейі мен стратегиялық ойлау қабілетін көрсетті. Команда іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, жартылай финалға шығып, бірнеше номинация бойынша үздік нәтиже көрсетті.
Сайысқа қатысумен қатар, студенттер жасанды интеллект саласындағы озық әзірлемелермен танысып, Richard Stirling (CEO Oxford Insights), Ник Давыдов (Gagarin Capital негізін қалаушысы) сынды әлемдік сарапшылардың панельдік пікірталастарына қатысты. Форум аясында ЕАЭО елдерінің премьер-министрлерінің пленарлық отырысы мен Digital Almaty Awards марапаттау рәсімі өтті.
Осындай іс-шараларға қатысу студенттерге тек практикалық дағдыларын нығайтуға ғана емес, сонымен қатар пайдалы кәсіби байланыстар орнатуға да мүмкіндік береді. OAIU студенттер бастамаларын қолдауды жалғастырып, олардың жоғары технологиялық салаларда дамуына жағдай жасауды көздейді.
Digital Almaty 2025 жаңа технологиялардың болашақты қалай қалыптастыратынын айқын көрсеткен іс-шара болды. OAIU студенттері өздерінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп, басқа елдердің командаларымен сәтті бақ сынасты.