«Экономика» мамандығының апталығы өтті

«Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы күні» мерекесіне орай «Экономика және басқару» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Жаңа Қазақстанның жарқын экономикалық болашағы – білімді жастардың қолында!» атты «Экономика» бағытындағы білім алушылардың апталығы өз мәресіне жетті. 

Бір апта бойына жоспарланған іс-шаралар тізбегі «дөңгелек үстелмен» басталды. «Ұлттық теңгенің шығу тарихынан» бастап, «Екінші деңгейлі банктердегі теңге айналымын ұйымдастыру», «Отбасы банкінің тұрғындарды  баспанамен қамтамасыздандыру бағдарламалары» және «Бухгалтерия ісінде білімді жастардың қажеттілігі» атты тақырыптарды арқау еткен «дөңгелек үстелге» арнайы шақырылған жұмыс берушілер де қатысты.

24-қараша күні, білім алушылардан құралған жастардың арасында  «Білім мен біліктілікті арттыру» тақырыбында дебат ұйымдастырылды.

Жастардың ой елегінен өткізген негізгі тақырыптарға келер болсақ:

– Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қоры –тұрғындарды зейнетақымен қамтамасыз етудің жалғыз шешімі екендігі распа?;

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының дамуы мен қызметтері;

– Қазақстандағы жер реформаларын жүргізудегі озық тәжірибелер мен олқылықтар.

25-қараша күні, білім алушылардан құралған  командалар арасында «Өнер» сайысы өтті. Аталмыш сайыста студенттер өз өнерлерін ортаға салып, «Студенттің өмірдің кейбір сәттері» тақырыбында қойылым қойды. Сондай-ақ командалар арасында «тәтті тағам» сайысы жалпы апталықты қорытындылады.

Апта бойы өткізілген шараларда белсенділік танытып, көзге түскен оқытушылар мен білім алушылар арнайы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Share this Post