Қала күніне орай «Арбат» алаңында жұмыссыз азаматтарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Аталған іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Жәрмеңкеде Шымкент қаласындағы 100-ге жуық жұмыс беруші мекемелер қатысып, 5000-нан аса жуық медициналық, техникалық және педагогикалық мамандықтары бойынша тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтқанда, «Арт-құрылыс», «Каз Транс Аймақ», «Halyk Bank» АҚ, «Magnum Cash Carry», «Назар Текстиль» және т.б қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар мен мектеп, бала-бақшалар. Жәрмеңкеге қатысқан шаһар басшысы М.Әйтенов осындай шаралардың арқасында жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізетінін сөз етті. – Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Қазіргі кез келген мемлекеттің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі – сол елдегі әлеуметтік жағынан, сонымен бірге жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Бүгінгі қала тұрғындарына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұмыс іздеп жүрген азаматтардың санын азайтып, жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір мүмкіндік.-деді қала әкімі. Шара барысында қала тұрғындарына, халықтың осал топтарына да 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Күміс жас» және т.б. уақытша жұмыс орындары ұсынылды.Сондай-ақ, жұмыс іздеушілерге қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, онда жас мамандарға түйіндеме толтыру, психологиялық көмек, және өзге мәселелер бойынша кеңес берілді. Аталмыш жәрмеңкеге Орталық Азия Инновациялық университетінің білім алушылары да қатысты.