«Информатика» бойынша пәндік олимпиада болып өтті

Ағымдағы жылдың 27 сәуір күні Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты 11 жылдық мектеп бітірушілері арасында «Информатика» бойынша пәндік олимпиада болып өтті. Оған информатика бағыты бойынша оқуға түсуді армандаған 28 оқушы қатысып, өз бақтарын сынады. Олимпиада аудан орталығындағы «Бәйтерек» ЖОМ-де өтті. Олимпиадаға қатысушы оқушылар екі кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындап, өз білім деңгейлерін көрсетті. І-кезең қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен 9 оқушы  ІІ кезеңде өз бақтарын сынады. І кезең әрбір оқушыға 25 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларынан құралған болса, ІІ кезеңде олар 2 сұраққа жауап беру, 1 есепті шешу және 1 бағдарлама құру керек болатын.

Нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке жеткен З. Исабеков атындағы ЖОМ оқушысы Егізбай Адас Мақсатқызы Орталық Азия Инновациялық Университеті тағайындаған 4 жыл мерзімге тегін оқу грантын иеленді. Осы байқауда 2-нәтиже көрсеткен Қ. Спатаев атындағы ЖОМ оқушысы Ілесова Ақерке, 3-нәтиже көрсеткен «Достық» ЖОМ оқушысы Аманбай Бағдаулет университет тарапынан мадақтау қағаздарымен марапатталды. Жоғарыда аталған барлық жүлделі орындарға ие болған оқушылардың жетекшілері «Алғыс хаттар» мен университет тарапынан сыйлықтармен марапатталды. Осы сайысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ордабасы аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Айтбаев Бауыржан Тлеулесович оқу орнымыздың мақтау қағазымен марапатталды.

ОАИУ тарапынан пән олимпиадасын ұйымдастыруға оқу орнының Халықаралық жұмыстары жөніндегі проректоры М.И. Ақылбаев, «Техника және ақпараттандыру» кафедрасының магистр, аға оқытушылары Абишова Гулчехра Бархатовна, Абдрахманова Гулжанат Маратовна, Жаксылыков Ержан Кундызбайовичтер атсалысты.

Share this Post