Тарихи жәдігерлерді дәріптеу — жастардың ғылымға баулудың кепілі

Ағымдағы жылдың 10 ақпаны күні Орталық Азия Инновациялық университетінің тарихшы ғалымдары Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Жамбыл атындағы жалпы орта мектебінің ұстаздары және оқушыларымен дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелді өткізудегі басты мақсат Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Зертас елді мекенінен табылған тарихи жәдігерлер , яғни төте жазумен жазылған көне қолжазбаларды қазіргі өзіміз пайдаланып жүрген алфавит арқылы аударып, шығарылған кітапты көпшілікке таныстыру болатын.
Аталған кездесуге Орталық Азия Инновациялық университетінің Халықаралық қатынастары жөніндегі проректоры, техн.ғ.к., доцент М.И.Акылбаев, осы оқу орнының Қазақстан тарихы және құқықтану кафедрасының доценті тарих ғылымдарының кандидаты Ш.Ж.Нартбаев, тарих магистрі З.Әсен, сонымен қатар осы қолжазбаларды аударып, жинақтап, кітап ретінде өңдеуіне атсалысқан азаматтар – М.Әуезов атындағы ОҚУ магистр оқытушысы Ғ.Қасымханұлы мен Шымкент қаласының найб имамы Ү.Ж.Арыстанов қатысты. Ал мектеп тарапынан барлық ұстаздар қауымымен қатар, үлкен сынып оқушылары қатысты.
Кездесуді ұйымдастырушы Ш.Ж.Нартбаев модератор ретінде отырысты жүргізуімен қатар, кең көлемде баяндама жасады. Төлебай Ағыбайұлынан қалған жәдігерлер туралы қазақ әдебиетінде осы уақытқа дейін ашылмаған, зерттелмеген тақырыптар бойынша, соның ішінде өзінің қиын өмірбаяны мен сол қиын заманды өлең арқылы жеткізу туралы баяндады. Содан кейін сөзге шыққан Ғ.Қасымханұлы мен Ү.Ж.Арыстанов табылған жәдігерлерді төте жазудан аудару барысындғы кездескен қиыншылықтар мен сол замандағы ашаршылық туралы баяндады.
Орталық Азия Инновациялық университетінің атынан сөзге шыққан М.И.Акылбаев оқу орнында жүргізіліп жатқан ғылыми – зерттеу жұмыстарымен таныстырып, алда тұрған мақсаттар жайлы сөз қозғады. Кездесу соңында мектеп ұстаздары мен оқушылардың қойған сұрақтарына жауап берумен қатар, бірге мәселелерді шешуге уәде етті.
Мектеп ұстаздары пайдалы дөңгелек үстел ұйымдастырған университет әкімшілігіне алғыс айтумен қатар, өздерінің талап — тілектерін де жеткізді. Ондағы көтерілген мәселелер талантты оқушылардың ғылыми жобаларына жетекшілік жасау, ҰБТ ға енетін пәндерден онлайн кеңестер беру және пәндік олимпиадалар мен ғылыми конференциялар ұйымдастыруды қолға алу.

М.И.Акылбаев
ОАИУ Халықаралық қатынастар
жөніндегі проректоры,техника
ғылымдарының кандидаты, доцент

Share this Post